Жарнама
Жарнама

«Қайрат» Канье Уэсттің концертіне қатысты ресми мәлімдеме жасады

Редактор
Бүгін, 15:27

Стадионда концерт өткізу мәселесі «Қайратпен» келісілмеген

Коллаж 1bol.kz

Алматылық «Қайрат» футбол клубы 14 тамыз күні Орталық стадионда америкалық рэпер Канье Уэсттің концерті өтеді деген ақпаратқа байланысты ресми мәлімдеме жариялады.

Клубтың хабарлауынша, аталған күні стадионда концерт өткізу мәселесі «Қайратпен» келісілмеген. Себебі дәл осы кезеңде команда өз алаңында Қазақстан Премьер-лигасының матчтарын өткізеді және еурокубоктардағы ойындарын жалғастыруы мүмкін.

Қазақстан чемпионатының күнтізбесіне сәйкес, «Қайрат» 8 және 15 тамызда Орталық стадионда өз алаңындағы кездесулерін өткізуі тиіс. Сонымен қатар, 11–13 тамыз аралығында клубтың еурокубок аясындағы өз алаңындағы ойыны өту ықтималдығы бар.

Клуб мұндай ауқымды концертті ұйымдастыру үшін сахна мен техникалық жабдықтарды орнату және бөлшектеуге ұзақ уақыт қажет екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде алаң сапасына, стадион инфрақұрылымына және ресми матчтарды өткізуге кері әсер етуі мүмкін.

«Қайрат» Орталық стадионда кез келген бұқаралық іс-шара тек бекітілген футбол күнтізбесі ескеріліп, барлық мүдделі тараптардың келісімінен кейін ғана ұйымдастырылуы тиіс екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ клуб барлық қажетті келісімдер толық аяқталмай тұрып, 14 тамыздағы концерттің Орталық стадионда өтетіні туралы ақпаратты таратуға әлі ерте екенін жеткізді.

Реклама
Реклама