Жарнама
Жарнама

Павлодарда футбол матчы алдында тәртіп бұзған жанкүйерлер жазаланды

Редактор
Бүгін, 10:14

Төрт азаматқа 60 550 теңгеден әкімшілік айыппұл салынды

pavon.kz

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қоғамдық тәртіпті бұзған төрт азаматқа қатысты әкімшілік істерді қарап, оларға айыппұл салды.

Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 28 маусым күні сағат 16:45 шамасында орталық стадион маңында футбол матчы басталар алдында А., К., В. және Ф. қоғамдық орында айқайлап, ерсі мінез-құлық танытып, түтін шашкаларын қолданған. Соның салдарынан қоғамдық тәртіп бұзылып, тұрғындардың тыныштығына кедергі келтірілген.

Сот отырысында құқық бұзушылар кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкініш білдірді. Олардың айтуынша, олар жанкүйерлер тобымен бірге футбол матчын қолдау барысында пиротехникалық құралдарды пайдаланып, ұрандар айтқан.

Сот әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды, бейнежазбаларды және өзге де дәлелдемелерді зерделей келе, олардың әрекеттері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша дұрыс сараланған деген қорытындыға келді.

Жаза тағайындау кезінде сот құқық бұзушылықтың сипатын, құқық бұзушылардың жеке басын, кінәларын мойындағанын, шын өкінгенін, мұндай құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын және жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлардың жоқ екенін ескерді.

Заңға сәйкес, аталған бап бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе әкімшілік қамаққа алу жазасы көзделген. Алайда жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігі негізінде айыппұл мөлшерін 30 пайызға қысқартты.

Нәтижесінде сот қаулысымен төрт азаматтың әрқайсысы кінәлі деп танылып, 60 550 теңгеден әкімшілік айыппұл төлеуге міндеттелді.

Сот қаулылары заңды күшіне енді.

Реклама
Реклама

Материалда: