Британ журналисі Сәтпаев туралы пікір білдірді
Дастан Сәтпаевтың танымалдығы Қазақстаннан тыс жерде де артып келеді. «Челсидің» Аустралиядағы маусымалды турнесі кезінде жас қазақстандық футболшы жерлестерінің ерекше қолдауына ие болды.
Сиднейде өткен «Челсидің» ашық жаттығуына келген қазақстандық жанкүйерлер Дастанға қолдау білдіріп, оның жаттығуын тамашалады. Британдық журналист Низар Кинселла жанкүйерлердің қолдауын ерекше атап өтті.
«Мұнда Сәтпаевты қолдау үшін келген қазақстандық жанкүйерлер өте көп. Ол қазірдің өзінде үлкен тұлға», – деп жазды Кинселла X әлеуметтік желісінде.
Айта кетейік, Сатпаев «Челсидің» Аустралия мен Азияға арналған маусымалды турнесіне қатысатын негізгі құрамға енді. Лондондық клуб 28 шілдеде «Уестерн Сидней Уондерерске», ал 1 тамызда «Тоттенхэмге» қарсы жолдастық матч өткізеді.