Жарнама
Жарнама

Зидан Франция құрамасының тізгінін қолға алды

Редактор
Бүгін, 16:20

Франция құрамасын Зидан жаттықтырады

Getty Images

Франция футбол федерациясы аңыз футболшы әрі тәжірибелі маман Зинедин Зиданды ұлттық құраманың жаңа бас бапкері ретінде ресми таныстырды.

54 жастағы маманмен төрт жылдық келісімшарт жасалды. Осылайша, Зидан 2012 жылдан бері Франция құрамасын жаттықтырған Дидье Дешамның орнын басты. Дешам ұлттық құрамамен әлем чемпионы атанып, Ұлттар лигасының жеңімпазы болған еді.

Ресми таныстыру рәсімінен кейін өткен баспасөз мәслихатында Зидан өзіне артылған сенім үшін алғысын білдіріп, Дешамның еңбегіне жоғары баға берді.

«Мен әрдайым Франция құрамасынан асқан маңызды команда жоқ екенін айтып келдім. Ұлттық құраманың бас бапкері атану – мен үшін зор қуаныш әрі үлкен мақтаныш. Сонымен бірге, бұл – аса үлкен жауапкершілік», – деді Зидан.

Осылайша, француз маманы бес жылдық үзілістен кейін жаттықтырушылық қызметіне қайта оралды. Ол 2021 жылы мадридтік «Реалдан» кеткеннен бері ешбір команданы жаттықтырмаған. Зидан «Корольдік клубпен» бірге үш мәрте қатарынан Чемпиондар лигасын жеңіп алып, бірнеше ірі трофейге қол жеткізді.

Футболшы ретінде де Зидан әлем футболының ең ұлы тұлғаларының бірі саналады. Ол әлем және Еуропа чемпионы атанып, Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Ал 1998 жылы «Алтын доп» иегері атанған.

Реклама
Реклама