Жарнама
Жарнама

«Сіздерді таңқалдырады». Хаби Алонсо Сәтпаевқа үлкен үміт артып отыр

Редактор
Бүгін, 18:31

Бас бапкер Сәтпаевтың Англия Премьер-лигасының қарқынына физикалық тұрғыда дайын екенін айтты

instagram.com/chelseafc

Лондонның «Челси» клубының бас бапкері Хаби Алонсо қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың дебюттік ойыны туралы пікір білдірді.

Аустралиялық «Уестерн Сидней Уондерерске» қарсы өткен жолдастық кездесуде «Челси» 6:4 есебімен жеңіске жетті. Матчтан кейін испаниялық маманнан 17 жастағы Сәтпаевтың өнері мен алдағы маусымдағы болашағы туралы сұралды.

Алонсоның айтуынша, маусым алдындағы дайындық аяқталған соң ғана команда құрамына қатысты нақты шешім қабылданады.

«Алдымызда қабылдануы тиіс көптеген шешім бар. Қазір біз былтыр болмаған бірнеше ойыншыны бақылап жүрміз. Маусым алдындағы дайындық аяқталғаннан кейін қорытынды жасап, алғашқы ресми матчқа арналған құрамды анықтаймыз. Сондықтан әзірге нақты шешім айтуға ерте», – деді «Челси» бапкері.

Сонымен қатар Алонсо қазақстандық футболшының ойын ерекшеліктеріне тоқталып, оны ерекше таланттардың бірі екенін айтты.

«Мен Дастанды өткен жылдан бері, Алматыдағы кезінен білемін. Оның ерекше ойыншы екені көрініп тұр. Ол қарсылас қақпасы маңында өте қауіпті, кеңістікті тамаша пайдаланады және қапталдан орталық шабуылшының жанына сәтті қосылады. Бұл – оның клубтағы алғашқы тәжірибесі, бірақ өзін жақсы қырынан көрсетті», – деді испаниялық маман.

Сондай-ақ бас бапкер Сәтпаевтың Англия Премьер-лигасының қарқынына физикалық тұрғыда дайын екеніне сенім білдірді.

«Ол өте мықты әрі өте жылдам ойыншы. Оның ойыны сіздерді шынымен таңқалдырады», – деді Алонсо.

Еске салайық, Дастан Сәтпаев «Уестерн Сидней Уондерерске» қарсы кездесудің 6-минутында есеп ашып, «Челси» сапындағы алғашқы голын соқты. Лондондық клубтың өзге голдарын Дариу Эссугу, Джейми Гиттенс және хет-трик жасаған Жоау Педру соқты.

Реклама
Реклама