«Менің 70-тегі атам Абаттан жақсы ойнайды»: түрік жанкүйерлері Айымбетовке шүйлікті

Редактор
26.02.2024, 14:30

«Адана Демирспордың» турнир кестесіндегі жағдайы нашарлап кетті

скрин YouTube

Қазақстандық шабуылшы Абат Айымбетов өнер көрсететін «Адана Демирспор» футбол клубы Түркия Суперлигасында кезекті рет жеңіліп қалды.

Сырт алаңда «Трабзонспормен» кездескен аданалық клуб 0:1 есебімен есе жіберді. Ал, алаңға 75-минутта шыққан Абат Айымбетов есепті теңестіретін 100% мүмкіндікті пайдалана алмады. Өз кезегінде бұл түрік жанкйүерлерінің ашуын туғызды. Сол сәтте-ақ әлеуметтік желіде Айымбетовке шүйліккен жазбалар көбейді.

«Менің 70-тегі атам Абаттан жақсы ойнайды», «Айымбетов Түркия Суперлигасындағы ең нашар ойнайтын шабуылшы ретінде тарихта қалады», «Айымбетовті кім әкелді? Бұдан нашар ойыншыны мен әлі көрмеппін. Ол 100 пайыздық мүмкіндіктерді пайдалана алмай жатыр. Соңғы 2-3 ойынды құтқаратын мүмкіндігі бар еді», деген сарындағы жазбаларды «Адана Демирспордың» жанкүйерлері жазып қалдырған.

«Трабзонспор» турнир кестесінің үшінші сатысында келеді. Ал, «Адана Демирспор» 12-ші сатыға дейін төмендеді.