Қостанайлықтар Литваның «Паневежис» клубын жеңді
Қостанайдың «Тобылы» УЕФА Конференциялар лигасы екінші іріктеу кезеңінің қарымта матчында Литваның «Паневежис» клубын жеңіп, турнирдің үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды.
Қостанайдағы Орталық стадионда өткен кездесудің негізгі және қосымша уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Ал матч тағдыры пенальти сериясында шешіліп, онда қазақстандық клуб 4:3 есебімен басым түсті.
Кездесудің алғашқы таймында ойын тізгінін «Тобыл» ұстағанымен, есепті қонақтар ашты. Наурис Петкявичюс баспен дәл соққы жасап, литвалықтарды алға шығарды. Алайда бірінші таймның қосымша минуттарында Амин Талал таразы басын теңестіріп, алаң иелерін ойынға қайта қосты.
Үзілістен кейін «Паневежис» қарқынды бастағанымен, көп ұзамай бастама толықтай «Тобылдың» қолына өтті. Қостанайлықтар бірнеше қауіпті мүмкіндікке ие болды. Бірақ қонақтардың қақпашысы Витаутас Черняускас сенімді ойын көрсетсе, Александр Зуевтің алыстан тепкен добы бағанаға тиді.
Матч статистикасында да «Тобылдың» басымдығы анық байқалды. Қазақстандық клуб допқа 57 пайыз иелік етіп, қарсылас қақпасына 21 соққы бағыттады. Ал «Паневежис» сегіз соққымен ғана шектелді. Дегенмен негізгі және қосымша уақытта жеңіс голын соғу мүмкін болмады.
Жолдаманың иесі пенальти сериясында анықталды. Бұл сында «Тобыл» футболшылары дәлдік танытып, 4:3 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, қостанайлық клуб Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне шықты. Келесі айналымда «Тобыл» Сербияның «Партизаны» мен Люксембургтің «УНА Штрассен» клубтары арасындағы жұптың жеңімпазымен кездеседі. Алғашқы ойында «Партизан» 4:0 есебімен айқын басымдыққа ие болған.