Енді қарымта ойын 13 тамызда Қостанайда өтеді
Қостанайдың «Тобылы» Конференция лигасының үшінші айналымында Сербияның «Партизанымен» кездесіп, ойсырай жеңілді, есеп – 0:3.
Матч Белградтағы Партизан стадионында өтті. Ойын басталмай жатып букмекерлер алаң иелерінің оңай жеңетінін болжаса, футбол сарапшылары ірі есеп тіркелетінін жасырған жоқ.
Төреші ысқыра салысымен «Партизан» футболшылары «Тобыл» қақпасына лап қойды. Десе де, жылдам гол соға алған жоқ. Қостанайлықтар да қарап қалмады, сәті түскенде өткір қарымта шабуылдар ұйымдастырып, алаң иелерінің қақпашысына қиындықтар туғызды, алайда тепкен доптары қақпаға кірген жоқ.
Ал, 32-минутта «Партизан» шабуылшысы Демба Сек айып алаңының сызығынан «Тобыл» қақпасын дәл көздеп, есеп ашты. Екінші таймда Зубайру Ибрахим мен Шака Траоре бір-бірден қанжығасын майлап, таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізді. Ромащенко шәкірттері болса есепті қысқарта алмады.
Енді қарымта ойын 13 тамызда Қостанайда өтеді.