Ойын «Қайраттың» 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды
Алматылық «Қайраттың» 17 жасқа дейінгі командасы Швейцарияның Санкт-Галлен қаласында өткен Inclusion Cup халықаралық турнирінде жеңімпаз атанды.
Жасөспірімдер арасындағы турнирдің финалында қазақстандық футболшылар португалиялық «Бенфика» командасымен кездесті. Тартысты өткен ойын «Қайраттың» 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Кездесудегі жалғыз әрі жеңіс голын Роман Черноморец соқты. Осылайша, алматылықтар қарсыласынан басым түсіп, халықаралық турнирдің басты жүлдесін иеленді.
«Қайрат» U-17 жарысты өте сәтті өткізді. Топтық кезеңде команда үш кездесудің барлығында жеңіске жетіп, плей-оффқа бірінші орынмен шықты. Ал жартылай финалда алматылықтар немістің «Вердер» клубын 3:0 есебімен ойсырата жеңді.