Жарнама
Жарнама

Инфантиноны сынаған ФИФА басшылары қызметінен кетіп жатыр

Редактор
Бүгін, 11:39

Ламурдың қызметтен кетуі ФИФА басшылығындағы келіспеушіліктер аясында болып отыр

© Justin Setterfield / Staff / Getty Images Sport

Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) бас операциялық директоры Кевин Ламур қызметінен кетті. Бұған дейін ол ұйым президенті Джанни Инфантиноның әлем чемпионатына қатысты коммерциялық құқықтардың бір бөлігін сату жоспарын ашық сынаған еді.

The Athletic мәліметінше, Ламурдың қызметтен кетуі ФИФА басшылығындағы келіспеушіліктер аясында болып отыр.

Инфантиноның жоспары дау туғызды

28 шілдеде ФИФА-ның әлем чемпионатына қатысты коммерциялық құқықтардың бір бөлігін сыртқы инвесторларға сатуды жоспарлап отырғаны белгілі болды.

Жоспар бойынша құны 20 миллиард доллар болатын FIFA Forward Enterprise (FFE) еншілес компаниясын құрып, оның 25 пайыздық үлесін инвесторларға 4,2 миллиард долларға сату көзделген.

Алайда бұл бастама ұйым ішінде қарсылыққа тап болды. 31 шілдеде ФИФА басшылығы Инфантиноның жоспарына қатысты сын айтылған мәлімдеме жариялады. Ал 1 тамызда ұйым аталған жобадан бас тартты. Кейін ФИФА президенті болған жағдайға байланысты кешірім сұрады.

Ламур да бұл бастамаға қарсы шыққан басшылардың қатарында болған. ФИФА өкілі оның қызметтен кеткенін растап, ұйымдағы екі жылдық жұмысы үшін алғыс білдірді және алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Ламур бұған дейін Инфантиномен УЕФА-да да бірге жұмыс істеген.

ФИФА-дан кеткен екінші жоғары лауазымды тұлға

Кевин Ламур - Инфантиноның жоспарына қатысты келіспеушіліктерден кейін ФИФА-дан кеткен екінші жоғары лауазымды қызметкер.

Шілде айында Инфантиноның аға кеңесшісі Карлос Кордейро да қызметінен кеткен болатын.

FFE жобасынан бас тартылғанына қарамастан, дау мұнымен аяқталған жоқ. УЕФА, КОНКАКАФ және Азия футбол конфедерациясы (АФК) Инфантиноның әрекетіне тәуелсіз тексеру жүргізуге шақырды. Олар әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарына қатысты жоспарды ФИФА институттарына деген сенімге нұқсан келтіретін әрекет деп бағалады.

Сонымен қатар Уэльс, Швеция, Сербия, Ирландия және Шотландия футбол федерациялары Инфантиноны ФИФА президенті сайлауында қолдаудан бас тартты.

Джанни Инфантино ФИФА-ны 2016 жылдан бері басқарып келеді. Бұған дейін ол ұйым президенті қызметіне тағы бір мерзімге сайлануға ниетті екенін мәлімдеген.

Реклама
Реклама