Жарнама
Жарнама

Футболдан Өзбекстан жұлдызының әкесі Қазақстанда құрылысшы болып жүр

Редактор
Бүгін, 18:10

Каримов 2026 жылғы әлем чемпионатында Өзбекстан құрамасының ең жас ойыншысы атанды

Sports.kz

Өзбекстан құрамасы мен Швейцарияның «Лугано» клубында өнер көрсететін 19 жастағы Бехруз Каримов Championat Asia. YouTube-каналында әкесінің әлі күнге дейін Қазақстанда қарапайым құрылысшы болып еңбек ететінін айтты. 

Жас футболшының сөзінше, бірнеше клуб оған қаржылық тұрғыдан тиімді ұсыныс жасаған. Алайда Каримов қазір жоғары жалақыдан бұрын тұрақты ойын тәжірибесі мен мансаптық өсуді таңдаған.

«Отбасымызды кедей деп айта алмаймын. Әкемнің аман-есен жүргеніне шүкіршілік етемін. Ол әлі күнге дейін Қазақстанда қарапайым құрылысшы болып жұмыс істейді. Маған бірнеше клубтан жоғары жалақы ұсынды, бірақ мен мансабымды ойлап, тұрақты ойнай алатын команданы таңдадым», – деді Каримов.

Бұл шешімге әкесінің де ықпалы болған. Ол ұлына әзірге ақшаға емес, футболдағы болашағына басымдық беруге кеңес берген.

«Екі жыл ақша тауып, кейін футболдан жоғалып кеткенше, болашақта бұдан да жоғары деңгейге жетуді мақсат еттім. Әкем: “Ақшаны емес, футболды ойла. Мен жұмысымды жалғастыра беремін”, – деді. Ол менің футболмен айналысуым үшін ештеңесін аяған емес, әрдайым қолдап келеді», – деді футболшы.

Каримов 2026 жылғы әлем чемпионатында Өзбекстан құрамасының ең жас ойыншысы атанды. Соған қарамастан, ол негізгі құрамнан орын алып, Колумбия және Португалияға қарсы топтық кезең матчтарын алғашқы минуттан бастады.

Жас қорғаушы әлем чемпионатында тағы бір ерекше көрсеткішпен тарихқа енді. Португалиямен кездесуде Криштиану Роналдумен алаңда қарсылас болған Каримов екеуінің жас айырмашылығы 22 жыл 183 күнді құрады. Бұл әлем чемпионаттары тарихындағы бір-біріне қарсы ойнаған футболшылар арасындағы ең үлкен жас айырмашылығы ретінде тіркелді.

Реклама
Реклама

Материалда: