Жарнама
Жарнама

«Мұнда басқа деңгей»: Чесноков Қазақстан мен Ресей футболын салыстырды

Редактор
Бүгін, 15:40

Ол Ресей чемпионатының деңгейіне бейімделу үшін уақыт қажет екенін айтты

ФК «Крылья Советов»

Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Ислам Чесноков Ресей Премьер-лигасындағы алғашқы ресми матчын өткізіп, жаңа чемпионаттан алған әсерімен бөлісті. «Крылья Советов» футболшысы Volga.news-ке берген сұхбатында РПЛ-де ойын қарқыны мен алаңдағы күрес деңгейі Қазақстан чемпионатына қарағанда жоғары екенін атап өтті.

Чесноков самаралық клуб сапындағы дебютін РПЛ-дің бесінші турында «Акронға» қарсы кездесуде жасады. «Крылья Советов» бұл матчта қарсыласын 3:0 есебімен сенімді жеңді.

Қазақстандық футболшы жаңа командадағы алғашқы ойынын бұдан да жақсы өткізуге болатынын мойындағанымен, ең бастысы команданың үш ұпай алғанын айтты.

«Әрине, эмоция ерекше болды. Алғашқы матчым, оның үстіне дерби екен. Жақсырақ ойнауға болатын еді, бірақ ең бастысы – команда жеңіске жетті. Соған қуаныштымын», – деді Чесноков.

Ол Ресей чемпионатының деңгейіне бейімделу үшін уақыт қажет екенін де жасырмады. Чесноковтың сөзінше, РПЛ-де футболшылар шешімді жылдамырақ қабылдап, алаңдағы жоғары қарқынға дайын болуы керек.

«Мұнда жылдамдық та, күрес деңгейі де басқа. Аздап уақыт керек, бейімделуім қажет», – деді ол.

Чесноков бұған дейін Қазақстан мен Шотландия чемпионаттарында өнер көрсеткендіктен, үш біріншіліктің ерекшелігін де салыстырды.

«Қазақстанмен салыстырғанда мұнда күрес деңгейі мен шешім қабылдау жылдамдығы өзгеше. Ал Шотландияда, бәлкім, физикалық күрес бұдан да көп шығар. Бірақ мұнда футболдың өзі көбірек», – деді қазақстандық ойыншы.

Ислам Чесноков «Крылья Советов» сапына жуырда ғана қосылған. Сондықтан әзірге алдағы қарсыластарды ойламай, әр матчқа жеке дайындалып жатқанын жеткізді.

«Мен мұнда келгеніме төрт-бес күн ғана болды. Сондықтан қазір әр ойынға кезекпен дайындалып жатырмыз», – деді футболшы.

Реклама
Реклама

Материалда: