Жарнама
Жарнама

Хаби Алонсоның «Реалдан» кетуіне Винисиус кінәлі - Каррагер

Редактор
Бүгін, 10:33

Алонсо мен Винисиус арасындағы қарым-қатынас маусым барысында бірнеше рет назарға түсті

Diario AS

«Ливерпуль» мен Англия құрамасының бұрынғы қорғаушысы Джейми Каррагер мадридтік «Реалдағы» Хаби Алонсо мен Винисиус Жуниор арасындағы шиеленіске қатысты пікір білдірді. Оның ойынша, бразилиялық футболшымен туындаған келіспеушілік Алонсоның бас бапкер қызметінен мерзімінен бұрын кетуіне тікелей әсер еткен.

«Хаби Алонсо жұмысынан Винисиус Жуниордың кесірінен айырылды. Оған қалыптасқан жағдай ұнамады. Ол клуб иесіне шағымданды, содан кейін Винисиус жаңа келісімшартқа қол қоймауы мүмкін деген әңгімелер шыға бастады», – деді Каррагер.

Алонсо мен Винисиус арасындағы қарым-қатынас маусым барысында бірнеше рет назарға түсті. Соның бірі – «Барселонаға» қарсы матчтағы ауыстыру. Бапкер бразилиялықты алаңнан ерте шығарғанда, Винисиус шешімге наразы болып, бірден киім ауыстыратын бөлмеге кеткен.

Кейін футболшы командадан, бапкерлер штабынан және клуб президентінен кешірім сұрады. Алайда өз мәлімдемесінде Хаби Алонсоның атын жеке атамады. Осыдан кейін олардың арасындағы түсініспеушілікке қатысты әңгіме одан әрі күшейді.

Бұған қоса, испаниялық БАҚ-та Винисиустың жаңа келісімшарт жөніндегі ұстанымы Алонсоның клубтағы жағдайымен байланысты болуы мүмкін деген ақпарат тараған.

Хаби Алонсо «Реалды» 2025 жылдың жазында қабылдап, Карло Анчелоттидің орнына келген еді. Оның келісімшарты үш маусымға есептелгенімен, 2026 жылғы 12 қаңтарда клуб тараптардың өзара келісімі бойынша ынтымақтастық тоқтатылғанын хабарлады.

Бұл шешім Испания Суперкубогының финалында «Реалдың» «Барселонадан» 2:3 есебімен жеңілгенінен кейін қабылданды. Сол сәтте мадридтік команда Ла Лигада екінші орында тұрғанымен, 2025 жылдың соңындағы ойын сапасы мен нәтижелер Алонсоға қатысты қысымды күшейткен еді.

Жеті ай ішінде «Реал» Алонсоның жетекшілігімен 34 ресми матч өткізіп, 24 рет жеңіске жетті, төрт кездесуде тең түсіп, алты рет жеңілді.

Реклама
Реклама