Алаңда 81 минут ойнап, ауыстырылған сәтте жанкүйерлер оны қошеметпен шығарып салды
Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев Англия Чемпионшипіндегі «Бернли» — «Мидлсбро» матчының үздік ойыншысы атанды.
Төртінші тур аясында өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Қонақтар сапынан Эйдан Моррис 23-минутта есеп ашса, «Бернлидің» жартылай қорғаушысы Юго Рагубер 54-минутта таразы басын теңестірді.
Сәтпаев қатарынан үшінші рет «Бернлидің» негізгі құрамында алаңға шықты. 18 жастағы қазақстандық футболшы 81 минут ойнап, ауыстырылған сәтте жанкүйерлер оны қошеметпен шығарып салды.
Кездесу барысында Сәтпаев қарсылас қақпасына екі дәл соққы бағыттап, пастарының 94 пайызын әріптестеріне дәл жеткізді. Матч аяқталғаннан кейін ұйымдастырушылар оны кездесудің үздік ойыншысы деп таныстырып, арнайы марапат табыстады.
Бұл — Дастан Сәтпаевтың Англиядағы алғашқы жеке жүлдесі. Бұған дейін ол Чемпионшиптегі алғашқы толық матчында да «Бернли» сапындағы ең белсенді ойыншылардың бірі болған еді.
«Мидлсбромен» тең түскен «Бернли» үш матчқа созылған жеңілістер сериясын тоқтатты. Команда төрт турдан кейін турнир кестесінде 23-орында тұр. Келесі кездесуін 5 қыркүйекте «Бристоль Ситиге» қарсы өткізеді.
Сәтпаев осы маусымда «Бернли» сапында төрт матчқа қатысып, оның үшеуін негізгі құрамда бастады. Әзірге гол немесе нәтижелі паспен көзге түспегенімен, қазақстандық шабуылшы Англиядағы алғашқы жеке марапатына қол жеткізді.