Жарнама
Жарнама

Жарақат алған Дастан Сәтпаев «Челсиге» оралады

Редактор
07.09.2026, 21:46

Дастан Сәтпаев жарақатын емдету үшін «Челсиге» уақытша оралады

ФК “Бернли”

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев жарақатынан айығу кезеңінде «Бернлиден» Лондонның «Челси» клубына уақытша оралады. Бұл туралы Talk BFC мәлімдеді.

18 жастағы футболшы Англия Чемпионшипінің төртінші турында «Мидлсброға» қарсы өткен кездесуде жарақат алған. Негізгі құрамда алаңға шыққан Сәтпаев 81-минутта аяғындағы жайсыздыққа байланысты ауыстыруды сұраған еді.

Кейін қазақстандық шабуылшының санының артқы бұлшықетін жарақаттап, бірнеше аптаға қатардан шыққаны хабарланды. Енді ол ем қабылдап, оңалту жұмыстарынан өту үшін «Челсиге» барады.

Бұл Сәтпаевтың «Бернлимен» келісімі тоқтатылды дегенді білдірмейді. Ол 2026/27 жылғы маусымның соңына дейін Чемпионшип клубында жалға алу негізінде өнер көрсетуі тиіс. Жарақатынан толық айыққаннан кейін шабуылшының «Бернли» сапына қайта қосылуы күтіледі.

Сәтпаев биыл «Бернлидің» төрт кездесуіне қатысып, оның үшеуін негізгі құрамда бастады. «Мидлсброға» қарсы ойында ол команданың үздік футболшысы атанып, арнайы жүлдеге ие болды.

Жарақатына байланысты Сәтпаевтың Қазақстан құрамасының алдағы оқу-жаттығу жиынына және 26 қыркүйекке жоспарланған матчқа қатысуы әзірге белгісіз.

Дастан Сәтпаев «Челсимен» 2033 жылға дейін келісімшарт жасасқан. Лондондық клуб оны 2026/27 жылғы маусымда тәжірибе жинақтауы үшін «Бернлиге» жалға берген болатын.

Реклама
Реклама