Ол «Ордабасы» клубы президентінің кеңесшісі болып тағайындалған
«Астана» футбол клубының бұрынғы президенті әрі бас директоры Қайсар Бекенов қазақстандық футболдағы қызметін жалғастырады. Инсайдер Елдар Аманбаевтың мәліметінше, ол «Ордабасы» клубы президентінің кеңесшісі болып тағайындалған.
Шымкенттік клубты тамыз айынан бері Жасұлан Барманқұлов басқарып келеді. Енді оның басқару командасына елордалық клубтың ішкі жұмысын жақсы білетін тәжірибелі функционер қосылды.
Бекенов «Астана» құрылымында жалпы есеппен жеті жылға жуық еңбек етті. Ол 2013–2019 және 2024–2026 жылдар аралығында қаржы директоры, атқарушы директор, бас директор және клуб президенті қызметтерін атқарған.
Қайсар Бекенов 2026 жылғы 12 маусымда «Астанадан» кетті. Бір аптадан кейін елордалық клубтың басшылығына Алтай Дәумов тағайындалды.
Айта кетейік, 12 қыркүйекте «Ордабасы» өз алаңында «Астананы» қабылдайды. Бұл кездесу чемпиондық бәсекедегі маңызды матчтардың бірі болмақ. Қазір шымкенттік команда 55 ұпаймен көш бастап тұр. «Қайрат» 54 ұпаймен екінші, ал 45 ұпайы бар «Астана» үшінші орында келеді.