Олардың бірі зейнеткермен бірге естелік фотоға түсіпті
Былтыр қазан айында «ХАМАС» қозғалысының жауынгерлері Израиль тұрғындарына шабуыл жасағанда 1200-ден астам адамды өлтіріп, тағы жүздегенін кепілге алған болатын. Сол қанды оқиға болған кезде содырлар 90 жастағы аргентиналық әжей Эстер Кунионың үйіне басып кірген. Алайда, оның Мессидің отандасы екенін білгенде тиіспей, жайына қалдырыпты.
Аргентина тумасы Эстер Кунио Израильдің Нир-Оз елдімекенінде тұрады. 7 қазанда «ХАМАС-тың» екі сарбазы оның үйіне кіріп, кепілге алатынын айтқан. Алайда, әжей Мессидің жерлесі екенін айтқанда оған құрмет көрсетіп, үйден шығып кетіпті.
«Сіз менімен барасыз, бұл жер қазір отқа оранады. Менімен сөйлесіп әуре болмаңыз, мен сіздің тіліңізде сөйлемеймін. Мен тек арабша және аздап иврит тілінде сөйлей аламын», - депті «ХАМАС» содыры. Кейін «Аргентина деген не» деп те сұраған.
«Сен футбол көресің бе, Мессиді танисың ба?», - деп қарт әйел сұраққа сұрақпен жауап беріпті. Оның не айтқысы келгенін түсінген хамастық сарбаз қолындағы қаруын әжейге ұстатып, онымен бірге фотоға түскен. Болған соң ешнәрсеге тимей, екеуі үйден шығып кетіпті.
Сөзіне дәлел ретінде зейнеткер сол фотосуретті әлеуметтік желіге жүктеді. Оның айтуынша, екі немересі әліге дейін «ХАМАС-тың» қолында кепілде отыр екен.