Матч 21 наурызда өтеді
Футболдан ертең Афиныда өтетін Қазақстан және Грекия кездесуінде Нидерланд төрешілері қазылық атқарады.
Маңызды кездесуде Данни Маккелидің төрешілер бригадасы қос ел құрамасы арасындағы ойын барысын бақыламақ. Бұл ойын 21 наурыздан 22-не қараған түнде сағат 00:35-те басталады.
Аталған сында бас төреші нидерландтық Данни Маккелиге Хессел Стеегстра мен Ян де Врис көмекшілік жасайтыны белгілі болды. Сондай-ақ, қосалқы төреші де нидерландтық Аллард Линдхаут болмақ.
Қазақстан футболшылары жауапты матчқа орай Дубайда оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Сондай-ақ, жиын кезінде Түркіменстан құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, 2:0 есеьімен басым түсті.
Айта кететін жайт, отандық құрама Грекиядан басым түскен жағдайда 26 наурызда Грузия-Люксембург кездесуінің жеңімпазына қарсы ойнайды. Егер Қазақстан футболшылары екі ойында да жеңсе, биыл өтетін Еуропа чемпионатына жолдама алады.