Бақтиер Зайнутдиновтің клубы бір маусымда төртінші рет бас бапкер ауыстырды

14.04.2024, 08:48

«Бешикташ» соңғы ойында қолда тұрған жеңістен айрылып қалған болатын

AHMAD MORA/GETTY IMAGES

Стамбұлдың «Бешикташ» клубына биыл бас бапкер шақ келер емес. Команда бір маусымда төртінші рет жаттықтырушысын қызметінен босатты.

Стамбұлдық клуб басшылығы португалдық маман Фернанду Сантушты отставкаға жібергенін хабарлап отыр.

«Біз Фернанду Сантушқа сәттілік тілейміз. Осыған дейін атқарған жұмысына алғысымыз шексіз. Енді маусым соңына дейін команданы Сердар Топрактепе жаттықтырады», - делінген клубтың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Осылайша, «Бешикташ» төртінші рет бас бапкерін ауыстырып отыр. Бұған дейін Шенол Гюнеш, Бурак Йылмаз, Рыза Чалымбай бірінен кейін бірі қызметінен кеткен.

«Бешикташ» сапында Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов ойнайды. Ол осы маусымда барлық турнирде 36 матчқа қатысып, 1 гол соққан.