Чемпиондар лигасының жартылай финалы Англия командаларынсыз өтеді

Редактор
18.04.2024, 08:02

«Арсенал» мен «Манчестер Сити» уыста тұрған мүмкіндікті пайдалана алған жоқ

Getty Images

Еуропа Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан екінші жұп анықталды. Олар: «Бавария» мен «Реал».

Ширек финалдың алғашқы матчында Лондонда «Арсеналмен» 2:2 есебімен тең ойнап келген немістер өз алаңында 1:0 есебімен жеңіске жетті. Жалғыз голдың авторы – Йозуа Киммих (63-минут). Рафаэль Герейрудың айып алаңына көтерген пасына ол бірінші жетіп, қақпаның сол жақ бұрышына допты дәл бағыттады.

Ал, жарыстың басты фавориті саналған «Манчестер Сити» мадридтік «Реалдан» айласын асыра алмады. Алғашқы матчта 3:3 есебімен тең тарқасқан командалар екінші ойында да мықтыны анықтай алған жоқ, матчтың негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. 12-минутта мадридтік клуб сапынан Родриго есеп ашса, 76-минутта Де Брюйне 100 пайыздық мүмкіндігін мүлт жібермеді.

Қос клуб овертаймда да гол соға алмағандықтан жартылай финал жолдамасы пенальти сериясында анықталды. Бұл сында «Реалдың» жолы болып, 4:3 есебімен жеңіске жетті.

Енді Чемпиондар лигасының жартылай финалы ПСЖ – «Боруссия», «Бавария» – «Реал» арасында өтеді.