«Ақтөбе» «Қайратты» 9 жылдан кейін сырт алаңда бірінші рет жеңді

20.04.2024, 22:28

Ақтөбелік команда 2015 жылдан бері «Қайратты» Алматыда жеңіп көрмеген

Ақтөбе ФК

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасы бесінші турының орталық матчы «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасында өтті. Алаң иелері матч алдында фаворит саналғанымен, 1:3 есебімен тас-талқаны шығып жеңілді.

Ойынның 40-минутында төреші белгілеген пенальтиді Әлібек Қасым дәл орындап, «Ақтөбені» алға шығарған. 68-минутта Максим Самородов қарымта шабуылды ұтымды пайдаланып, есепті еселеді. Дәл сол Самородов 90+2 минутта «Қайрат» қақпасына үшінші голды соқса, 90+7 минутта Вячеслав Швырев бір голмен жауап қатты.

Осы жеңістен кейін Ақтөбе 10 ұпаймен турнир кестесінің бірінші орнына көтерілді. Бұған дейін көш бастаған «Қайрат» жеті ұпаймен төртінші сатыға төмендеді.