«Қайрат» клубының басшысы Боранбаев бостандыққа шықты

Редактор
06.11.2023, 11:56

Спорт сарапшылары алматылық клубтың жаңа маусымда сәтті өнер көрсететінін болжап отыр

Sputnik

«Қайрат» футбол клубының басшысы, белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаев бостандыққа шықты. Ол өткен жылдың наурыз айында қамауға алынып, биыл оған қатысты сот үкім шығарған болатын. 

Еліміздегі ең бай әрі ықпалды елу адамның қатарына енген олигархтың бостандыққа шығуына байланысты қылмыстық атқару жүйесі комитеті мәлімдеме жасады. 

«Бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеу түріндегі жазамен ауыстырылған Қ.Боранбаев 6 қарашада қамаудан босатылды», - деп жазылған қылмыстық атқару жүйесі комитеті таратқан ақпаратта. 

Енді бостандыққа шыққан Қайрат Боранбаев пробациялық бақылауда болмақ. «Қайрат» футбол клубының елеулі бөлігіне 2017 жылы ие болған-тын. Кейін клуб басшылығына келген Қ.Боранбаев аталған клубтың иесі ретінде есімі атала бастады.

Тергеу кезінде өзіне тиесілі бірқатар құнды мүліктерін мемлекет меншігіне берген кәсіпкер алдағы уақытта клуб басшылығында қала беруі мүмкін. Бұған дейін Алматы әкімі брифингтердің бірінде клубты мемлекет меншігіне қайтару туралы мәселе әзірге қарастырылмағанын атаған еді.