«Елімай» турнир кестесінде фавориттер қатарына қосылды

Редактор
04.05.2024, 18:21

«Қызылжар» өз алаңында ұпай жоғалтты

"Елімай" ФК

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының жетінші тур ойындары басталды. Сырт алаңда астаналық «Жеңісті» жеңген «Елімай» турнир кестесінің көшін бастаса, топ басында болған «Қызылжар» өз алаңында ұпай жоғалтты.

«Жеңіс» – «Елімай» арасындағы кездесу Қарағандыдағы «Шахтер» стадионында өтті. Өйткені, Астанадағы екі стадион да жөндеу жұмыстарына жабылған.

Матчқа дейін «Елімай» фаворит саналған. Алайда, ойын бастала салысымен астаналық команда басымдықты өз қолына алып, өткір шабуылдар ұйымдастыра білді. Тек 40-минутта «Жеңіс» жартылай қорғаушысы Абай Жүнісов ойыннан қуылған соң, «Елімай» күш алды.

61-минутта семейлік клуб сапынан Квентин Корнетт есеп ашса, 77-минутта Юрий Перцух «Жеңіс» қақпасына екінші голды соқты. Ал, астаналықтар сапынан 90+3 минутта Илиаса Зульфиу есепті қысқартты.

Маңызды үш ұпайды иеленген «Елімай» турнир кестесінің көшін бастады. Дегенмен, өз алаңында «Жетісуды» қабылдаған «Тобыл» жеңіске жетсе семейлік клубты екінші орынға ығыстырады.

Ал, бұған дейін турнир кестесінің екінші сатысында келген «Қызылжар» өз алаңында жарыс аутсайдері «Тұраннан» жеңіліп қалды, есеп – 0:1.

Ойынның бірінші таймы қызықты өтті деп айтуға келмейді, командалар ашық ойын көрсеткен жоқ, өткір шабуылдар да аз болды. Ал, екінші таймда қонақтар сапынан Александр Соколенко (56-минут) есеп ашты. Араға 15 минут салып түркістандықтардың есепті еселейтін мүмкіндігі болған, алайда Никола Цуцкич 11 метрлік айып добын соға алмады.

Бұдан бөлек бүгін ҚПЛ-дің тағы үш ойыны өтеді. «Тобыл» өз алаңында «Жетісумен» мықтыны анықтаса, «Қайрат» «Атыраумен» кездесуде.