Корольдік клуб ойын аяқталуға үш минут қалғанда екі гол соғып, камбэк жасады
Еуропа Чемпиондар лигасының финалында ойнайтын екінші команда анықталды. Кеше дортмундтық «Боруссия» сырт алаңда ПСЖ-ны жеңіп, тарихында үшінші рет жарыс финалына шықса, бүгін мадридтік «Реал» Сантьяго Бернабеуде «Баварияны» 2:1 есебімен жеңді. Қос команда арасындағы алғашқы матч 2:2 болып тең аяқталған еді.
Енді 1 маусымда Лондондағы «Уэмбли» стадионында «Боруссия» мен «Реал» жаңа чемпионды анықтайды.
Бүгінгі матчта «Баварияның» жеңіске жететін мүмкіндігі аз болған жоқ. Екінші таймда Альфонсо Дэвис есепті ашқаннан кейін (68-минут) немістер бір аяқпен финалда да тұрған еді. Алайда, корольдік клуб ойын аяқталар тұста Тухельдің бұл жоспарын күл-талқан етті. Алдымен 88-минутта Хоселу есепті теңестірсе, араға небәрі үш минут салып (91+1 минут) тағы сол Хоселу «Реалды» финалға алып шықты.
Төреші негізгі уақытқа 9 минут қосып, матч тағы 15 минутқа жалғасқан. Алайда, бұл уақытта «Бавария» есепті теңестіре алмады.