"Спарта" КВН командасының мүшесі Бауыржан Омаров БІРІНШІ БОЛ подкастында қонақ болды.
Ол да (Данияр Жұмаділов) бала күнінде "Жеңіс" клубының футбол мектебінде доп тепкен. Тіпті, профессионал футболшы болу жоспары да болған. Бірақ 8-сыныпта жүрген кезінде бапкері ауысып, Бауыржан шабуылдайтын орталық жартылай қорғаушы (ЦАП) позициясынан айырылып, табиғатына келмейтін форвард (орталық шабуылшы) ретінде ойнай бастапты. Сол кезде бапкермен арада келіспеушілік болып, мектепаралық жарыстарда КВН ойнауға көшіпті.
Бауыржан Омаров КВН-де футбол туралы әзіл өте көп айтылатынын жеткізді. Бірақ "Спарта" командасы көбіне Ресейдегі шоу-бағдарламаларда өнер көрсететін болғандықтан, ел футболы жайлы мүлде әзілдемейтінін айтты.
"Жеңіс" клубы биыл Қазақстан премьер-лигасына қайта оралды. Үш дүркін Қазақстан чемпионы (2000, 2001, 2006), үш дүркін Қазақстан кубогының иегері (2001, 2002, 2005) "Жеңіс" клубының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Осы мерейтой қарсаңында астаналық клубтың жоғары лигаға оралып, жанкүйерін қуантып қойғанын атап өтті.
"Спарта" солисі ағылшындардың "Ливерпуль" командасына жанкүйер екен. Ол Қазақстандағы "Ливерпуль" жанкүйерлерінің ұйымшылдығы жайында сөз етті. Одан бөлек, биыл командадан Юрген Клопп кетсе "Ливерпуль" де құлдырай ма деп алаңдайтынын жасырмады.
Алдағы Чемпиондар лигасының финалы жайында да тоқталдық. Бауыржан финалда "Боруссия Д" командасын қолдайтынын, Рамос пен Салах арасындағы жағдайдан кейін "Реал" командасын "жақтырмайтынын" ашық айтты.
"Спарта" КВН командасы құрылған кезде жігіттерге қолдау болмаған. Тіпті, Александр Масляковтан арнайы шақырту алғанымен, Сочиге барып-қайтуға ақша таппай қиналған. Демеуші іздеген, қолдаушы таппаған. "Нұр Отан" партиясына да, Астана әкімдігіне де жүгініп, лайықты жауап ала алмаған. Бауыржан Омаров сол кезде "Спарта" жігіттері ақшаны қайдан тапқанын, қиындықтан қалай шыққанын бүкпесіз баяндап берді.