Қ.Дөңсебаев 2022 жылдан бері талдықорғандық клубқа басшылық етіп келеді
«Жетісу» футбол клубының директоры Қалмұхамет Дөңсебаевты Антикордың бөлімшесіне жеткізді. Бұл туралы талдықорғандық журналист Дина Балқашқызы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
«Біз былтыр «Жетісу» футбол клубында ірі көлемде ақша жымқыру оқиғасы болуы мүмкін екенін жазғанбыз. Бұл туралы жанкүйерлер, осы саладағы зардап шегушілер талай мәрте шағымданды. Дәлелдер келтірілді. Енді міне, біздің арызымыздан кейін бүгін «Жетісу» футбол клубының директоры Қалмұхамет Дөңсебаев қамауға алынды деген ақпарат бар. Тергеу әділ өтіп, жоғалған ақша қайтарылады деген үміттеміз», - деді журналист.
Айта кетейік, Қалмұхамет Дөңсебаев ұзақ жылдар Талдықорған футбол федерациясын басқарып келген. Ал «Жетісу» клубының тізгінін 2022 жылы ұстады. Қазір Талдықорған командасы Премьер-лигада төртінші орында келеді. Команданы Қайрат Нұрдәулетов жаттықтырады.