Қазақстан футболында тағы бір дау шықты (ВИДЕО)

Редактор
30.05.2024, 09:26

Бастысы – төрешілер «Тобылдың» жеңісін тартып алмады

QFL

Кеше футболдан Қазақстан кубогы жартылай финалының алғашқы ойындары өткен еді. Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында «Атырау» клубын қабылдап, жеңіске жетті.

Негізі матч 2:0 есебімен аяқталған еді. Бірақ ресми нәтиже 1:0 деп жазылды.

Қызығы сол, 85-минутта Жасұлан Жұмашев екінші голды соққан болатын. Бас төреші Антон Кучин ысқырық шалып, ойынды ортадан бастауға мүмкіндік берді. Бірақ, матч біткеннен кейін белгілі болғаны, бұл гол есепке алынбапты. Ал, трансляция кезінде бұл туралы ешқандай хабар болмады.

Ойын біткен соң Qazaqstan Football League сайтындағы хаттамада есеп 1:0 деп көрсетілді. Жалғыз голдың авторы – Ахмед Эль-Мессауди деп жазылып тұр. Ол 40-минутта пенальтиден мергендік танытқан.

Кейін белгілі болғандай, екінші гол соғылған кезде доп «Тобыл» футболшысының қолына тиген екен және төреші голды есептемей қойған. 

Лига өкілдері қателік режисерден кеткенін айтып отыр.