Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкерін маусым айының басында таныстыратынын мәлімдеген
Бүгін футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері болған Магомед Адиевтің отставкаға кеткені хабарланған еді. Араға күн салмай отандық спорт инсайдерлері мен журналистер оның орнына ресейлік тағы бір маман келеді деген ақпаратты таратты. Нақтысын айтқанда біздің ұлттық құраманы енді Станислав Черчесов басқарады-мыс.
Бұл ақпаратты спорт тақырыбында жазып жүрген Telegram-каналдар алғаш болып таратты. Артынша БАҚ өкілдері де жазып жатты. Дегенмен, Қазақстан футбол федерациясы бас бапкерді тек маусым айының басында ғана ресми таныстыратынын мәлімдеп отыр. Яғни, Черчесовтың келетіні әзірге тек сыбыс.
Сол сыбыстарға сенсек, Бәрменқұловқа Черчесовты Магомед Адиев ұсынған. Тіпті, онымен келіссөз жүргізіп те үлгеріпті. Енді Астанаға ұшып келуін күтіп отырған көрінеді. Ал, ресейлік маманның жалақысы жылына 1,2 миллион еуроны құрауы мүмкін.
Станислав Черчесов 2016-2023 жылдар аралығында футболдан Ресей құрамасының бас бапкері болған.