Ал, «Бешикташ» болса Түркия чемпионатындағы сәтсіз маусымынан кейін биыл бірнеше легионермен қоштаспақшы
Түркияның «Бешикташ» клубында ойнайтын Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Бақтиер Зайнутдиновке Ресей чемпионы «Зенит» қызығушылық танытқан. Осыған қатысты футболшының агенті Евгений Новиков пікір білдірді.
«Мұндай әңгімелер жиі болып тұрады. Біресе «Локомотив», біресе «Динамо» қызығушылық танытқаны туралы айтылады. Бақтиер Еуропаның топ-командасына ауысты. Енді Ресейге қайту жоспары мүлдем жоқ», - дейді Евгений Новиков.
Бұған дейін Ресей чемпионы «Зенит» Қазақстан құрамасының футболшысын 4 миллион еуроға сатып алуға дайын екені хабарланған. Зайнутдинов Ресей чемпионатында легионер саналмайды.
Айта кетейік, 26 жастағы футболшы «Бешикташ» клубына былтыр тамыз айында ауысқан. Түркия командасы оны ЦСКА-дан 4,5 миллион еуроға сатып алды. Ол өткен маусымда 37 матчқа қатысып, 1 гол соқты. Келісімшарты 2026/27 жылғы маусымның соңына дейін жасалған.
Жуырда «Бешикташ» бірнеше легионерімен қоштаспақ. Milliyet басылымының мәліметінше, тізімге Валентин Розье, Жан Онана, Хави Монтеро, Айдин Хасич, Дэниел Амарти, Анте Ребич және Венсан Абубакар кірген.