Бапкерсіз қалған қазақстандық футболшылар екі матч қатарынан жеңіліп қалды
Футболдан Қазақстан құрамасы кезекті жолдастық кездесуін жеңіліспен аяқтады. Венгрияның Сомбатхее қаласында өткен матчта Руслан Балтиев бастап барған біздің ұлттық құрама Әзірбайжаннан 2:3 есебімен ұтылды.
Бірінші таймда Қазақстан екі гол соғып, сенімді түрде алға шыққан. Гол авторлары – Вороговский (2-минут) мен Самородов (28-минут). Десе де, 42-минутта Әзірбайжан ойыншысы Эмрели есепті қысқартты.
Ал, екінші тайм толық әзірбайжандық команданың басымдығымен өтті. 51-минутта Махмудов пенальтиден есепті теңестірсе, 73-минутта Байрамов жеңіс голын соқты.
Мұнан кейін Қазақстан футболшылары есепті теңестіруге ұмтылғанымен, Әзірбайжан қақпасына қауіпті соққылар жасай алмады.
Еске салайық, бұған дейін Балтиев бастаған ойыншылар 7 маусымда Армениядан да 1:2 есебімен жеңіліп қалған еді.