Лионель Месси 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысу ұсынысына жауап берді

Редактор
14.06.2024, 11:16

Ол кезде әйгілі футболшының жасы 38-де болады

Getty Images

«Интер Майами» мен Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси 2026 жылы болатын әлем чемпионатына қатысу туралы пікірімен бөлісті.

Айта кету керек, Месси бас-аяғы бес әлем чемпионатына қатысқан. Егер алтыншысына барса – бұл рекорд болмақ. Бұрын-соңды ешбір футболшы алты бірдей мундиальға қатысып көрмеген.

«Мен ешқашан рекордтарға мән бермегем. Иә, жетістіктерге жиі жетіп, рекордтарды жаңартып отырған жақсы. Бірақ, «мен алты әлем чемпионатына қатыстым» деп айту үшін ғана қатысуға қарсымын. Егер бабымда болсам, мені Әлем чемпионатына алып кетсе – нұр үстіне нұр. Бірақ, жай ғана қатысу үшін мен ол жаққа бармаймын.

Алда әлі екі жыл бар, ол кезде не болатынын болжап айту қиын. Қазірден бастап «иә» немесе «жоқ» деп жауап бере алмаймын. Сол кезде бабым қандай болады, соған бәрі байланысты», - деді Месси ESPN-ге берген сұхбатында.

Аргентиналық шабуылшы қазір 36 жаста. Ол 2022 жылы Катар өткен әлем чемпионатында чемпион болған.