Нұрлан Қоянбаев өзі тегін таратқан туды сатқандар туралы пікір білдірді

Редактор
16.11.2023, 14:22

Ол жанкүйерлер мәдениетін ертерек қалыптастыру керек дейді

скрин YouTube

Қыркүйектің басында футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының кезекті ойыны кезінде 20 мың туды жанкүйерлерге Нұрлан Қоянбаев тегін таратқан болатын. Алайда, көк тудың бірнешеуін алған кейбір адамдар келесі ойында оны саудалауға көшкен.

Аталған жағдайды өнер иесі көрмегенімен, оған журналистер бірнеше рет хабарласқан.

«Бұл жақсы челлендж. Бүгін 20 мың ту таратсам, ертең «Ордабасының» ойынында шымкенттік кәсіпкердің бірі таратады, Ақтөбеде жалғасын табады деген секілді ойым болды. Осындай челленджге айналып кетеді-ау деген үміт болғанын жасырмаймын. Ертесіне журналистер телефон соға бастағанда соған қуана бастадым. Алайда, журналистердің көбі негатив жаңалықты айта бастады. «Сіз таратқан туды әлдекімдер сатып жүр» деді. Барлығы бір сұрақты сұрай берген соң телефонға жауап бермей қойдым. «Сатып жатыр екен, сатып жатыр екен...». Олар тек шулы жағдайды қоздыруға тырысып жатты. Оны ешкім көрген жоқ. Бәрінен кім айтты деп сұрасам, бір блогер фейсбукке жазыпды дейді. Видеосы, фотосы жоқ. Соған сеніп барлығы сеніп, іліп әкеткен соң 20 мың туды барлығы сата бастады деген секілді көзқарас пайда болды», - дейді Нұрлан Қоянбаев «Бірінші бол» жобасындағы сұхбатта.

Өнер иесі қазақ футболының дамуымен бірге жанкүйерлердің де деңгейінің өскенін қалайтынын атады. Алайда, оған да біраз уақыт керек дегенді алға тартты.

«Мысалы, Еуропаның стадиондарына жанкүйерлер дайындықпен барады. 25 жыл ұстап жүрген туын ұстап бір қарт жанкүйер келеді. Бізде де сондай нәрселер қалыптасса деймін. Біздің футболдың дамуына 30 жыл кетсе, енді жанкүйерлердің де қалыптасуына біраз уақыт керек шығар. Бұны елу жыл күткенше бұл заңдылықты өзіміз «сындырып», ертерек неге жетпейміз? Сол үшін мен 20 мың туды таратам да, әдемі көрінген нәрсеге федерация ойланып, жақсы бастама екен, өзгелер іліп әкете ме деген үміт болды. Патриотизмге де уақыт керек. Соны ертерек бастап кеткен едік», - деді Нұрлан Қоянбаев.

Ол аталған сұхбатта ел футболының дамуына көңілі толатынын, облыстардағы клубтарға қаражаттың тым көп жұмсалатынын да айтты.