Аргентина Америка кубогін жеңіспен бастады, ал Месси жаңа рекорд орнатты

Редактор
21.06.2024, 09:46

Бұл – Лионель Мессидің жетінші Америка кубогі

HECTOR VIVAS/GETTY IMAGES

АҚШ-та футболдан Америка кубогі жалауын көтерді. Жарыстың алғашқы ойыны Аргентина мен Канада арасында өтіп, 2:0 есебімен аргентиналықтардың жеңісімен аяқталды.

Бірінші тайм Месси командасының толассыз шабуылымен өткенімен, жанкүйерлер соғылған гол көрген жоқ. Ал, екінші тайм бастала салысымен Хулиан Альварес Алексис Мак Аллистердің пасын ұтымды пайдаланып, есеп ашты (49-минут). 89-минутта команда капитаны Лионель Месси Лаутаро Мартинеске дәл пас беріп, таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді.

Аргентина мен Канада A тобында өнер көрсетіп жатыр. Бұл топта Перу мен Чили де бар.

Айта кету керек, Лионель Месси бұл турнирдің кезекті рекордын орнатты. Ол Америка кубогінде 35 матч өткізіп, бұл көрсеткіш жағынан көш бастап отыр. Аргентиналық шабуылшы жеті Америка кубогіне қатысқан.

Ал, Аргентина құрамасы Америка кубогін 15 рет жеңіп алған екінші команда. Дәл осынша рет Уругвай да чемпион болған. Соңғы 2021 жылы өткен жарыстың финалында Аргентина Бразилияны 1:0 есебімен ұтып кеткен еді.