Әйелінің көзіне шөп салған әйгілі футболшылар

25.06.2024, 00:44

«Әйеліңді, машинаңды, тіпті дініңді ауыстыруға болады. Бірақ сүйікті клубыңды ауыстыра алмайсың». Футбол әлеміндегі осы бір қанатты сөзді «Манчестер Юнайтед» клубының аңызы, АПЛ-дің төрт дүркін чемпионы Эрик Кантона осыдан біраз уақыт бұрын айтқан еді. Өкінішке қарай, франциялық әйгілі шабуылшының әйел туралы айтқан сөзін әріптестері тура мағынасында түсініп, әйелдерінің көзіне шөп салатын жағдай жиілеп кетті. Бүгінгі шығарылымда сүйіктілерінің немесе жарларының көзіне шөп салған атақты футболшыларды назарларыңызға ұсынамыз.

1bol.kz

Райан Гиггз

Уэльс ұлттық құрамасы мен «Манчестер Юнайтед» клубының аңызы Райан Гиггз футбол әлемінің құрметті ардагері және үлгілі отағасы саналды. Ол «Манчестер Юнайтед» тарихындағы ең ұлы футболшының бірі болатын. Алайда 2011 жылы спортшының әйеліне опасыздық жасағаны туралы тележурналист Имоджен Томас біліп қойып, оны жаңалық ретінде БАҚ-қа таратпақшы болады. Сөйтіп Гиггз ақпаратты таратпауы үшін журналиспен ымыраға келіп, оған ауызбастырық ретінде ақша ұсынған. Екіжақты келісім күшіне енгенімен, Райан Гиггз келісім тек Ұлыбританияда ғана жарамды екенін, ал Еуропада жарамсыз екенін ескермей қалған. Сөйтіп әп-сәтте ақпарат бүкіл әлемге тарап кетті.

Сөйтсе Гиггз інісінің әйелі Наташамен сегіз жыл бойы жыныстық қарым-қатынаста болған екен. Бұл жанжалдан кейін Райанның некесі бұзылып, жыныстық тәуелділіктен арылу үшін оған психотерапиядан өтуге тура келген.

Оливье Жиру

Франциялық Оливье Жиру де әйелінің көзіне шөп салған футболшы. Иә, шабуылшы ел алдында да, әйелінің алдында да өзін діндар, тәртіпті адам ретінде көрсете отырып, өзінің жымысқы әрекеттерін жасаған. Жирудың бұл әрекетін Ұлыбританияның сары басылымы «The Sun» әшкере қылды. Басылым «Арсенал» клубы «Кристал Пэласпен» болатын матч алдында лондондықтар тоқтаған қонақүйден Жирудың модель Селия Кэймен бірге түскен суреттерін жариялады. Осы оқиғадан кейін Арсен Венгер Оливьені біраз уақытқа командадан шеттетті. Ал футболшы көпшілік алдында әйелі мен клубынан кешірім сұрады. 

Франк Рибери

Тағы бір франциялық футболшы Рибери де көпшілікке өзінің саламатты өмір салтын ұстанатынымен танымал. Оның ішімдік ішкенін, темекі шеккенін көрген емеспіз. Тіпті «Бавария» футболшылары чемпион атанғанда қолына сыра ұстап, өзге әріптестері сияқты суретке түскен жоқ. Десе де Франк өмірінде бір рет шалыс басып, сонысынан әлі күнге дейін опық жеп келеді. 2010 жылы ұлттық құрама сапындағы әріптестері – Бензема және Гову үшеуі 18 жасқа толмаған Захия Дехар есімді жеңіл мінезді қызбын жыныстық қатынас жасады деген күдікке ілініп, үлкен дауға қалды. Бұл оқиғаны сол кезде жылы жапқанымен, бұл сәт оның өмірінде қара дақ ретінде мәңгі қалды.

Тьерри Анри

«Арсенал» клубы тарихындағы ең үздік сұрмерген Тьерри Анриді де өмірде мінсіз футболшы деп айта алмаймыз. Француз шабуылшысы 2003 жылы ағылшын топ-моделі Николь Мэримен отбасын құрып, «Барселона» сапына ауысқанға дейін жұбайымен жап-жақсы өмір сүріп жатыр еді. Тек 2007 жылы Анри Каталонияға қоныс аударғаннан соң қылық шығарып, әйелінің көзіне шөп сала бастады. Күйеуінің өзге әйелмен төсек қатынасында болған шытырман оқиғасын біліп, көп ұзамай Анримен ажырасуға арыз берді. Сөйтіп бір әйелмен көңіл көтеруі франциялық футболшыға 10 миллион фунтқа түсіп, ақыр соңында әйелімен де ажырасып тынды. Көп ұзамай Анри босниялық модель Андреа Райчичке үйленіп,  бір баланың әкесі атанды. 

Джон Терри

Англия құрамасының және «Челси» клубының тасқамал қорғаушысы Джон Терри 2008 жылы Англияда жыл әкесі деп танылды. Өйткені спортшы балаларына үнемі көңіл бөліп, өзін әлеуметтік желілерде үлгілі әке ретінде көрсетіп жүрді. Алайда, 2009 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында футболшы командаласы әрі жақын досы Уэйн Бридждің сүйіктісі Ванесса Перронсельмен көңіл жарастырғаны туралы ақпарат тарады.

Баспасөзде Терридің опасыздығы бұрыннан белгілі болғанын жазғанымен, футболшы бұл ақпаратты таратуға тыйым салып, сотқа жүгінді. Алайда судья Терридің қылығына сенімсіздік танытып, ақпараттың ашық жариялануын талап етті. Нәтижесінде мәлімет расталып, футболшы әйелімен некесін сақтап қалғанымен, жан жолдасымен арадағы достықты сақтап қала алмады.

Жерар Пике

Әйеліне опасыздық жасаған футболшының бірі – испаниялық Жерар Пике. «Барселона» және Испания құрамасының көшбасышсы болған Пикенің бұл әрекеті көпшілікті қатты таңқалдырды. БАҚ беттерінде Жерар Пике мен танымал колумбиялық әнші Шакираның арасындағы қарым-қатынас кеңінен талқыланды. Испаниялық футболшы 2011 жылы Шакирамен шаңырақ көтеріп, екі баласымен тату-тәті өмір сүріп келген-ді. 2022 жылы Жерар Шакирадан 22 жасқа кіші испан моделімен төсектес болып, әйелінің көзіне шөп салғаны белгілі болды. Бұдан хабар тапқан Шакираның жүйкесі сыр беріп, мұндай опасыздыққа шыдай алмай ауруханаға жатып қалды. Сөйтіп 10 жылға созылған ерлі-зайыптылардың некесі шытынап, екеуі ажырасып тынды. Шакирамен ажырасқаннан кейін Пике көп ұзамай өзінің кәсіби мансабын әлем чемпионатына дейін аяқтап, жаңа сұлуымен ел алдында ашық кездесуге кірісті.

Мауро Икарди

Аргентина құрамасының болашақ жұлдызы деп саналған Мауро Икардидің де ел алдында абырой-беделі қалмаған. Ол отандасы әрі әріптесі Макси Лопестің әйелі Ванда Нараны тартып алып қана қоймай, әлі күнге дейін қыз-қырқынға қырындауын қояр емес. Икарди бір жылда бірнеше рет әйелінің көзіне шөп салса да Ванда Нара оны кешірумен келеді. Алғаш рет ол чилилік модель Чайной Суареспен төсектес болып, жағдайды ушықтырмай әйелінен кешірім сұрап, қайта қосылды. Бірақ бұл опасыздықтың өтеуі шабуылшыға өте қымбатқа түсті. Некесін сақтап қалу үшін Икарди өзінің бар мүлкін 2050 жылға дейін әйелінің атына жазып берді. Жағдай осымен тынышталды дегенде тынып-тыншмайтын Мауро қайтадан ескі әдетіне басып, тағы да әйеліне опасыздық жасады. Бұл жолы Ванда күйеуімен жанжалдасып жатудың қажеті жоқ деп санаса керек, ерегіскенде Ванданың өзі оққағарымен төсектес болған. Мауро «Галатасарайға» ауысқаннан кейін де бұл әрекетін тыйған жоқ. Нара бірнеше рет күйеуімен ажырасамын деп мәлімдесе де, екеуі әлі күнге дейін ресми түрде ажырасқанын айтқан жоқ.

Уэйн Руни

Жанкүйерлерге «Шрек» деген лақап атпен танымал англиялық Уэйн Руни кезінде футболды тәуір ойнап, шабуылда өндіріп гол соққан талантты шабуылшының бірі болды. «Манчестер Юнайтед» сапында жүріп гол соғу жағынан бірнеше рекордтарды орнатты. Оның кейбірі әлі күнге дейін мұрты бұзылмай, сақталып тұр. Сондай бір жұлдызды кезеңінде шабуылшы аяғын шалыс басып, көпшіліктің көзіне ерсі әрекетімен түсіп қалды. 17 жасынан бері бірге келе жатқан әйелі Колиннің көзіне шөп салып, жезөкше Дженнифер Томпсонмен төсектес болды. Уэйн істеген қылығын мойындап, әйелінен кешірім де сұрады. Колин өзге әйелдерге ұқсап кетемге салмай, күйеуіне кешірім берді. Арада бірнеше жыл өткенде Руни мен Колиннің екінші баласы дүниеге келді. Бір қызығы, әлгі жезөкше Дженнифер кейіннен өзі біреудің жары болып, ана атанғанда Колиннен кешірім де сұраған.

Эшли Коул

Англия құрамасының, «Арсенал» мен «Челси» клубтарының үздік қорғаушысы болған Эшли Коул мен жұбайы Шерил арасындағы махаббаттың соншалықты беріктігіне және екеуінің сезіміне ерекше қызығушылықпен қараған Англиядағы көптеген әйелдер журналы Эшли мен Шерилдің бірге түскен суреттерін кезек-кезегімен жариялап, өз оқырмандарына олардың махаббаттары туралы баяндаумен болды. Кейіннен Эшли Коулға көз тиді ме әйтеуір өзге әйелдермен көңіл жарастыра бастады. Шерил күйеуінің суыт жүрісінен өзі күдіктеніп, ақыр соңында ажырасуға дейін барды. Эшли Шерилмен некеде бола тұрып, модельдермен, актрисалармен, тіпті шаштараз сылқымдармен де төсектес болғаны белгілі болды.

Франц Беккенбауэр

Әйелінің көзіне шөп салған футболшылардың «қара» тізімінен әйгілі неміс футболшысы Франц Беккенбауэр де сырт қалмады. «Кайзер Франц» футбол тарихындағы ең үздік қорғаушының бірі болса да, әйелімен арадағы қарым-қатынасын қорғай алмады. Ерте жасынан талантымен көзге түскен Беккенбауэр жаман әдетін де сол кезден бастаған. Германияның жасөспірімдер құрамасында жүріп, сүйіктісінің аяғы ауыр екенін білген соң оған үйленуден бас тартқан. Бұл жағдай басшылықтың құлағына жеткен соң оны бірден құрамадан аластатты. Есейіп, отбасы құрған шағында да әйгілі қорғаушы жаман қылығынан арылмай, «Бавария» командасы ұйымдастырған жаңа жылдық кеште Хайди Бурместер есімді арумен төсектес болған. Кейіннен Хайди Бурместер Францтың үшінші әйелі болды.

Материалда: