Черчесов осетинше Мәскеуге барып сөйлеп көрсін. Қазақша білмесе Бәрменқұлов тілмәш болсын – Қазыбек Иса

Редактор
27.06.2024, 20:21

Бұл басынғаны, тәуелсіз Қазақстанды басынғаны деп санайды

Akzhol.kz

Жақында ғана қызметіне кірісіп, тілшілерге арнап брифинг өткізген Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақша сұрақ қойған тілшінің сауалына шамданған еді. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, сынға ұшырады. Осыған байланысты тіл жанашыры, Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның пікірін сұрадық.

«Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов журналист Нұрсұлтан Құрманға: «мен осетин тілінде сөйлесем қалай болады» деген сөзді қай оймен, қандай санамен айтып тұр?! Осетин тілінің бұл жерде не қатысы бар? Біріншіден, ол осетин тілінде де олай сөйлей алмайды. Қазақстанда мемлекеттік тіл орыс та, осетин тілі де емес – қазақ тілі. Қазақстанға келіп айтпай, осетин тілінде алдымен Мәскеуде сөйлеп алсын. «Аудармашы федерация президенті болды» дейді, Қазақстанға келген соң аудармашыны өзі жалдап алсын. Бұл – бір. Екіншіден, кезінде министр, вице-министрлерді алып келіп, олар мемлекеттік тілді білмей тұрған кезде, «осы қызметке оны кім қойды, сол аудармашы болсын» деп талай жазғанмын. Сол секілді Черчесовті кім шақырды, ол министр ме, вице-министр ме, әлде федерация президенті Әділет Барменқұлов па, солар аудармашы болсын. Сол кезде болыпты ғой, Әділет Барменқұлов енді өмір бойы аудармашы болсын. Басқа жұмысын қойып, жүрсін қасында, шақырған сол ғой», - дейді Қазыбек Иса.

Ол Өзбекстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда немесе Әзірбайжанда солай айта ала ма? «Өзбек тілінде сөйлемеймін, қайсысың аудармашы боласың?» дей ала ма? Бұл басынғаны, тәуелсіз Қазақстанды басынғаны деп санайды.

«Сосын Черчесовті шақырған шенеуніктер Қазақстанның 33 жыл бұрын тәуелсіздік алғанын біле ме? Білмесе, олардың да, Черчесовтің де есіне салып қою керек. Бұл баяғыдан айтып келе жатқан Мемлекеттік тіл туралы заң керектігі күн санап өшіп бара жатқанын, еліміздегі ең басты мәселе екенін көрсетеді. Бұл – халықтың футболға беріп жатқан миллиардтаған қазынасы, ешбір қайтарымы жоқ ақша. 2021 жылы депутаттық сауал жасадым, Франциядан 8:0 болып ұтылған кезде тексердім. Бір жылда футболға 133 миллиард теңге бөлінген. Ол сол кездегі бағамен 100 мектептің ақшасы. Далаға кетіп жатқан халықтың ақшасы. Ал бапкерге қанша төлейді? 1 миллион 200 мың еуро! Бұл біздің теңгеге шаққанда 581,7 миллион, яғни жылына шамамен 600 миллион теңге. Бұл не деген ақша?! Бұл Барменқұловтың ақшасы ма? Сонда 600 миллион теңгені біздің тілімізді табанға таптасын деп төлеп отырмыз ба, әлде одан басқа футболды білетін адам жоқ па? Грузия Франциядан маман шақырып, Еуроның плей-офф кезеңіне шығып отқан жоқ па? Сол сияқты біз де белгілі футбол державаларынан шақырмаймыз ба?! Су тасқыны кезінде он мыңдаған халық үйсіз қалған кезде футболға бөлінетін миллиардтаған қаржыны тоқтату керек деп тағы айтқанмын», - дейді депутат.

Ол Қазақстанда 180 спорт түріне бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл недеген масқара? 20 миллион халық үшін өте көп деп айтты.

«Англия, Германия, Франция сияқты дамыған елдерде 17-18 спорт түрлері қаржыландырады екен. Мысалы, Ангиляда 80 миллион халық бар. Бізден 4 есе көп. Бірақ мемлекеттен қаржыландыратын спорт саны 10 есе аз. Енді алысқа бармай Орта Азияны алсақ, Өзбекстанда да солай.  Қазақстанда әлі күнге еуропалық талапқа сай бір стадион салынбаған.  Өзбекстан 30 жылда 10 стадион тұрғызыпты. Премьер-лигадағы 300-ден астам футболшының жартысы легионер. Сондықтан, гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын футболға миллиардттарды босқа шашуды тоқтататын уақыт жетті», - дейді мәжілісмен. 

Депутат бас бапкердің бұған дейінгі сұхбатында «Қазақстан орыс тілді» деп айтуы, еліміз тәуелсіз алмағаны дегенмен бірдей деп отыр. 

«Жақында 30 жылда алғаш рет заң   «Халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдадық. Ол заңда азаматтық алу үшін мемлекеттік тіл білуді міндеттейді. Мысалы, мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, еліміздің тарихы мен Конституциясының негіздерін білмеген жағдайда азаматтық берілмейді. Станислав Черчесов келген Ресейде мемлекеттік тілді білмесе футбол маманы тұрмақ, көшеде аула сыпырушы қызметіне алмайды. Бұл келіп шалқаяды. Қабылданған заңға азаматтық алғанға емтихан тапсырсын деп ұсынысты мен енгізгенмін. Соны дамыту керек. Енді тек Мемлекеттік тілді білу талабын тек азаматтық алуда ғана емес, Ресейдегідей шетелден келгендер жұмысқа тұру  үшін де міндеттеу қажет», - дейді Қазыбек Иса.