Көп ұзамай ол әлеуметтік желі арқылы фанаттардан кешірім сұрады
Қазақстан Премьер-лигасының 13-туры аясында өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» қабылдап, 3:4 есебімен жеңіліп қалған «Ақтөбе» ойыншылары матчтан кейін жанкүйерлерімен сөзге келіп қалды.
Атап айтқанда, ақ-қызылдар қорғаушысы Бағдат Қайыров фанаттардың бірімен сөйлесіп, соңында оны дауыстап балағаттады. Бұл әрине, өзге жанкүйерлердің шамына тиіп, баршасы шулай жөнелді.
Аталған сәтті стадиондағы көрермендердің бірі видеокамераға түсіріп, роликті әлеуметтік желіге жүктеп жіберді. Мұнан кейін Бағдаттың өзі де жария түрде фанаттардан кешірім сұрады.
«Ойыннан кейінгі ситуация үшін кешірім сұраймын, қандай жағдай болмасын олай айтқан дұрыс емес, эмоцияға беріліп кеттім. Кейін ол жігітпен кездестім, бір-бірімізден кешірім сұрадық. Жанкүйерлер әрдайым клуб үшін уайымдайды, сын болса көтере білу керек. Қай ойыншы шықса да командаға көмектескісі келеді, бүгінгі ойын біз үшін сәтсіз болды», - деп жазды Қайыров өзінің Instagram-парақшасында.