Бапкердің өзі мұның бәрін жала деп, қазақтарға үнемі құрметпен қарағанын атады
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы, қазір «Елімай» сапында доп тебетін Роман Мұртазаев ресейлік бапкер Александр Бородюкпен арада болған кикілжің туралы айтты.
«Коммент.Шоу Казахстан» YouTube-жобасында қонақта болған Мұртазаев Ресей чемпионатында өнер көрсеткен уақыт туралы айтқан. Отандасымыз 2021 жылы ФНЛ-де «Балтика» сапында өнер көрсеткен еді.
– «Астана» басшылары маған «Шахтерға» қайт деп кеңес берді. Ол кезде «Шахтер» Еурокубок аясында румыниялық «Стяуамен» кездескелі жатқан. Мен қарағандылық командаға көмектесе алмайтынымды түсіндім де, Ресейге кетуді жөн деп таптым. Алдымен мәскеулік «Торпедоға» бардым. Ол жерде мені күтпепті. Артынша «Балтикадан» шақырту түсті. Дереу Мәскеуден Калининградқа ұшып кеттім. Бара сала жаңа контракт жасастық.
– Ол кезде «Торпедоны» Қазақстан құрамасының экс-бапкері Александр Бородюк жаттықтыратын…
– Ол менің келітінімді білген жоқ. Клуб басшылары оны ескертпей мені шақыра салыпты. Мен өз ақшама келдім. Бородюкпен бірден әңгімеміз жарасқан жоқ, ол дауыс көтеріп сөйледі. Қазақтар туралы жаман пікірлер айтты, біздің футболшыларды әбден тойынған деді. Сөзіне дәлел ретінде Юрий Логвиненко мен Дмитрий Шомконың Қазақстан чемпионатынан кейінгі жағдайын айтты. Біз тіпті, қол алысқан жоқпыз, мен бұрылдым да кетіп қалдым, – деді Роман Муртазаев.
Фото: ТАСС
Бородюктің бұл айыптауға жауабы көп күттірмеді. Ол қазақтар туралы ешқандай жаман пікір айтпағанын айтып ақталды.
«Бір данышпан: "Сіз көзбен көргеніңіз шындық, ал құлағыңызбен естігеніңіз әрдайым шындық емес" деген еді. Мұртазаевтың сөздері "Торпедоның” онымен келісімшартқа отырмағаны үшін айтылған реніші.
Ешқашан футболшылар туралы мұндай нәрсе айтып, көпшілікке жайған емеспін. Қазақстандық футболшыларға мен әрқашан құрметпен қарайтынмын. Роман мұны реніштен айтты. Оған тек сәттілік пен бар жақсылықты тілеймін. Роман шындықты айтуды үйренсе екен деймін»,- дейді Бородюк.
Роман Мұртазаев «Балтика» сапында 13 ойынға қатысып, небәрі бір голмен көзге түсті.