Ол футболға мемлекеттен ақша бөлуді тоқтатуды талап етіп отыр
Аралас жекпе-жек (MMA) шебері Қуат Хамитов футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншыларына тағы шүйлікті. Словениядан жеңілгеннен кейін ол миллиардтаған ақшаның далаға кеткенін айтып ашуын білдірген болатын.
«Жігіттер, менің сендерге айтарым бар. Мен футбол тақырыбын 2016-2017 жылдардан бері көтеріп келемін. Сол уақыттан бері араларыңнан бірде-бір еркектің табылмағаны ма? Сендер ауылдан шықтыңдар ғой. Ауылда жол, медицина, аурухана жоқ, жедел жәрдем көліктері жоқ, жастар немен айналысарын білмей сенделіп жүр. Осыны көре тұра араларыңнан біреуің шығып: «Жігіттер, халықтан ақша алуды тоқтатайық. 30 жылда 1,5 миллиард жараттық, нәтиже жоқ, турнирлерде жеңіс жоқ, елге медаль әкеліп жатқан жоқпыз, әлемде 99-100 орындамыз, халықты тонағанды тоқтатайық. Бұл да коррупцияның бір түрі. Халықтың ақшасына тимейік, оданша демеуші табайық, өзіміз амалдайық, нәтиже көрсетейік», - деп айта ма деп сонша уақыт күтіп едім», - дейді Қуат Хамитов.
MMA файтері расымен соңғы бірнеше жылдан бері отандық футболды сынаудан жалыққан емес. Ал, «Бірінші бол» YouTube-каналына сұхбат берген ҚФФ өкілі Ермұхамед Мәулен Қазақстан футбол федерациясы мемлекеттен бір теңге де қаражат алмайтынын айтқан еді.