Бір аптадан кейін қарымта матч Шымкентте өтеді
Футболдан ел чемпионы «Ордабасының» еурокубок турнирлерінде жолы болар емес. Бұл жолы шымкенттік клуб Люксембургтің «Дифферданж» командасынан жеңілді.
Айта кетейік, бұған дейін «Ордабасы» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетіп, бірінші айналымнан ары аса алмаған еді. Ол кезде Седнев шәкірттері молдовалық «Петрокубтан» жеңілген болатын.
Бұл жолы «Ордабасы» Конференция лигасында бағын сынап жатыр. Жарысты екінші айналымнан бастаған шымкенттік клуб Люксембургте жергілікті «Дифферданждан» 0:1 есебімен жеңілді.
Ойын тартысты болды деп айтуға келмейді. Қос команда да қауіпті шабуылдарды сирек ұйымдастырды. Сондай сәттердің бірінде алаң иелерінің шабуылшысы Жоржиньо Сергей Игнатович күзеткен қақпадан саңлау тауып, есеп ашты (37-минут).
Жеңіліп жатқанына қарамастан «Ордабасы» ойыншылары есепті теңестіруге аса құлық танытпады. Тоқсан минут бойы шымкенттік команда қарсылас қақпасын небәрі екі-ақ рет дәл көздеген. Оның өзі қауіпті болды деп айтуға келмейді.
Енді бір аптадан кейін қарымта матч Шымкентте өтеді.