Боксшы жанкүйерлеріне алғыс айтты
Париж олимпиадасының ширек финалында өзбекстандық Хасанбой Дусматовқа есе жіберген Сәкен Бибосынов жанкүйерлеріне алғыс айтты. Боксшы шаршы алаңда сәттілік жетіспегендіктен жүлдесіз қалғанын айтады.
«Арман…. Мақсат… Жеңіс…Токио Олимпиадасында қола медаль алғанымда, Париж олимпиадасында қайтсемде алтын алып, мақсатыма жетемін деп ойладым, сол үшін осында келдім. Осы олимпиаданы асыға күттім. Еліме алтын сыйлағым келді. Көк туымызды көкте қалықтағанын, әнұранымыздың шырқалғанын қаладым. Бәрі сіз бен мен ойлағандай болмады. Шаршы алаңға шыққан спортшының бағы мен бабы келісіп қатар шабуы керек екен. Бабымда болдым деп ойлаймын. Кішкене сәттілік жетіспей, бағым жанбай қалған сияқты.
Дегенмен Аллаға сансыз шүкір, тағдырыма қазақтың намысын қорғау бақыты жазылған екен. Мені жеңісте де, жеңілісте де қолдаған барлықтарыңызға алғыс айтамын. Жылы лебіздеріңіз үшін рақмет», – деп жазды боксшы Instagram парақшасында.
Айта кетейік, алғашқы раундта Сәкен қашықтықта сауатты ойнап, қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсетті. Нәтижесінде төрешілер раундты 3:2 есебімен қазақ боксшысының пайдасына жазды.
Ал, екінші және үшінші раундтарда Хасанбойдың соққылары дәлірек және көбірек тиді. Төрешілер еш ойланбастан жеңісті Өзбекстаннан келген Дусматовқа берді, қорытынды есеп – 3:2.