Қазақстан футзалшылары тәжіктерді ойсырата жеңді

Редактор
22.08.2024, 22:27

Биыл әлем чемпионаты 15 қыркүйекте Өзбекстанда басталады

Қазақстан футбол федерациясы

Футзалдан Қазақстан құрамасы Тәжікстанмен кездесіп, 3:0 есебімен басым түсті. Маңызды кездесудің екінші таймында Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Ақжол Дәрібай қарсыластар қақпасынан саңылау тауып, командасын алға шығарды.

Бұл кездесу футзалдан 2024 жылы өтетін әлем чемпионатын алдындағы дайындықты пысықтауға арналған жолдастық 5 матчтың бірі. Тәжікстан құрамасы да биылғы әлем чемпионаты алдында дебюттік ойынын өткізіп отыр.

Аталған командаға қарсы қарымта матч 24 тамызда жалғасады. Ал Қазақстан футзал шеберлері осы айдың 30 және 1 қыркүйекте Астанада Иранға қарсы ойнайды. Сондай-ақ, 8 қыркүйекте Аргентина құрамасына қарсы алаңға шығады. Аргентина құрамасы 2016 жылы әлем чемпион атанса, 2021 жылы финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге ие болған.

Футзалдан Қазақстан құрамасының оқу-жаттығу жиындары 10 қыркүйекке дейін созылады. Биыл әлем чемпионаты 15 қыркүйекте Өзбекстанда басталады. Бұл біріншілікте Қазақстан өз тобында Испания, Ливия және Жаңа Зеландиямен сынға түседі.