Полиция бірнеше адамды ұстап әкетті
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 18-туры аясында «Ордабасы» мен «Ақтөбе» кездескеннен кейін қос команданың жанкүйерлері жаппай төбелесті. Оқыс оқиғаның видеосы «Match KZ» телеграм-каналында жарияланған.
Видеодан оқиғаның стадионның маңында болғанын аңғаруға болады. Алдымен ондаған жігіт бір-бірін соққыға жықса, артынша оларды ажыратуға полиция мен арнайы жасақ келген. Тәртіп сақшылары бірнеше адамды ұстап, арнайы көлікке отырғызып алып кетті.
Ал, матчтың өзі 1:1 есебімен тең аяқталған. Бірінші таймда ақтөбеліктер сапынан Хоче Севальос есеп ашса (12-минут), екінші таймда «Ордабасы» таразы басын теңестірді, гол авторы – Шахбоз Умаров (72-минут).
18-турдан кейін турнир кестесінің Алматының «Қайраты» бастап келеді (17 ойын – 32 ұпай). «Ақтөбе» екінші орында (17 ойын – 31 ұпай). Үздік үштікті «Ордабасы» түйіндеп тұр (15 ойын – 30 ұпай).