Зайнутдинов «Бешикташтан» кетеді – БАҚ

Редактор
27.08.2024, 09:47

Ол биыл жазда Ресейге барғысы келмейтінін айтып, Түркияда қалып қойған еді

Vasile Mihai-Antonio/Getty Images

«Бешикташта» бір жыл доп тепкен қазақстандық Бақтиер Зайнутдиновтың Түркияға «саяхаты» аяқталған секілді. Жергілікті Fanatik басылымының жазуынша, қорғаушы стамбұлдық клубпен келісімшартын жақын күндері үзеді.

«Өткен маусымда ресейлік ЦСКА-дан «Бешикташқа» ауысып келген қазақстандық қорғаушы Бақтиер Зайнутдинов осы маусымда мүлдем көрінбей кетті. Біздің білуімізше, 26 жастағы ойыншы командадан кетеді. Зайнутдиновтің «Зенитке» трансфері келісіліп қойғанына қарамастан ол Ресейге барғысы келмейтінін айтып, қалып қойған еді», - деп жазылған аталған басылым таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, Зайнутдинов биылғы Түркия чемпионаты басталғалы «Бешикташ» сапында алаңға шыққан жоқ. Ол жазғы оқу-жаттығу жиындарына да қатыспады.