«Қазақ үшін жан беруге дайынмын»: Нұралы Әліп өзін айыптағандарға жауап берді

Редактор
07.09.2024, 13:27

Тіл мәселесіне осымен нүкте қойылды

Қазақстан футбол федерациясы

Қазақстан құрамасының Норвегиямен өткен ойынынан соң «Зенит» пен ұлттық құрама қорғаушысы Нұралы Әліп жанкүйерлерге алғыс айтып қана қоймай, “қазақ тілін құрметтемейді” деп өзін сынағандарға да жауап берді.

«Қазақ елі, қолдауларыңызға рахмет! Осы орайда тағы бір мәселені айтқым келеді, соңғы берген сұхбатымды бұрыс түсінгендерге мына жайтты түсіндіргім келеді: мен қазақ тіліне қарсымын немесе сөйлемеу керек деген жоқпын, ондай ойым да болған жоқ. Өзім бір адамға (Нұрсұлтанға – авт.) келген қонаққа қонақжайлылығыңды көрсету керек деп айтқанмын. Бірақ ол адам мені дұрыс түсінбей, қазақ тіліне қарсымын деп ойлап, өз пікірін айтып, мені түсінбеді. Ұзын сөздің қысқасы, мен де өздерің сияқты қазақ үшін жанын беруге дайын қазақтың қарадомалақ баласымын. Қазақты қазақ көтерер, біз – біргеміз, биік іргеміз», - деп жазды Әліп әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Естеріңізде болса, баспасөз конференциясында Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойған Нұрсұлтан Құрманның бұл әрекетін Нұралы «хайп» деп бағалаған болатын. Осыдан соң Құрман да үнсіз қалмай, футболшыға есін жиюға кеңес берген.

«Нұралы, сенің бұл жерде не айтқың келгенін түсінбедім. Шыны керек, маған хайп мүлдем керек емес. Ол үшін жүрген адам емеспін. Бұл жерде қазақ футболы деп жүрміз. Ең бастысы, ұлт мүддесі, тіл тағдыры бірінші кезекте тұруы керек. Ол біздің қызметіміз болсын немесе мансабымыздан жоғары тұратын нәрсе - ол тіл. Расул Ғамзатовтың өзі «тілім өлсе, бүгін өліп кетуге дайынмын» деген екен. Нұралы, сен есіңді жи, әліңді біл. Бұл хайп үшін жасалған жоқ. Қазақ жерінде футбол федерациясында баспасөз мәслихаты қазақ тілінде өтуі керек. Керек болса, оған аударып берсін. Мен Черчесовке қазақша жауап бер деп талап еткен жоқпын. Сұрағымды қазақша қойдым», - деп ашуланған еді журналист.

Айта кетейік, 6 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда УЕФА Ұлттар лигасы аясында өткен Қазақстан – Норвегия матчында 0:0 есебі тіркелді.