Нұралы Әліп «Зениттегі» ең төмен жалақыны алады

Редактор
21.09.2024, 10:21

Қазақстандық футболшы 2028 жылға дейін «Зенитте» ойнайды

Зенит ФК

Қазақстан құрамасы мен питерлік «Зениттің» қорғаушысы Нұралы Әліп Қайрат Боранбаевтың «МЮ Әліпке қызығушылық танытты» деген мәлімдемесіне пікір білдірді.

Есте болса, биыл отандық журналистердің біріне сұхбат берген «Қайрат» ФК иесі Қайрат Боранбаев «Манчестер Юнайтед» клубы Нұралы Әліпке қызығушылыұ танытып отыр деп мәлімдеген еді. Әліптің өзі болса бұл ақпаратқа сенбегенін айтып отыр.

«Мұның рас-өтірігі тек Боранбаевтың өзіне аян. Мен сол шығарылымды көрген кезде сенген жоқпын. Сосын оның өзі айтқан кезде де сенбедім (күліп). Егер МЮ маған «Зениттегі» жалақымнан екі есе төмен ұсынса дейсіздер ме? Мен «Зенитте» онсыз да ең төменгі жалақыны алып отырмын. Ал, ол жаққа барсам салықтың үлкен екені тағы бар. Сонда тек фастфуд жеп күн көрем бе?», - деп әзілдеді Нұралы Әліп «СГБ Шоу» YouTube-каналына берген сұхбатында.

Айта кетейік, Нұралы Әліп «Зенитте» 2022 жылдан бері доп теуіп келеді. Жуырда ол питерлік клубпен келісімшарт мерзімін 2028 жылға дейін ұзартты.