Данияр Елеусінов филиппиндік қарсыласымен көз түйістірді

Редактор
26.09.2024, 12:52

Көз түйістіру рәсімінде қос боксшы да өздерін салмақты ұстады

instagram.com/all.stars.boxing.kz

Еліміздің белгілі кәсіпқой боксшысы Данияр Елеусінов жекпе-жек алдында өткен баспасөз конференциясында Филиппин өкілі Джо Нойнаймен көз арбасты.

Көз түйістіру рәсімінде қос боксшы да өздерін салмақты ұстады. Алматыда All Stars Boxing кешінде ІВО нұсқасы бойынша әлемнің экс-чемпионы Елеусінов (11-0, 6 КО) Джо Нойнаймен (23-4-2,11 КО) сынға түседі. Аталған жекпе-жек 28 қыркүйек күні өтпек.

Бұдан бөлек, бокс кешінде аралас жекпе-жек шеберлері Қуат Хамитов пен Нұрберген Шәріпов өнер көрсетеді. Айта кететін жайт, бұл кеште Қуат Хамитов кәсіпқой бокстан алғаш рет жекпе-жек өткізгелі отыр.

Данияр Елеусінов 3 жыл бұрын елордада айқасқа шығып, ІВО нұсқасында әлем чемпионы атанған. Алайда кейін ол бұл белбеуінен айырылып қалды.
Сондай-ақ, ол әуесқой бокстан да айтулы жетістікке қол жеткізген боксшы. Ол Рио Олимпиадасында 69 келіде чемпион атанған болатын.