Қазақстан футзалшылары Аргентинадан масқара болып жеңілді

Редактор
30.09.2024, 21:50

Бұған дейін біздің құрама әлем чемпионы Португалияны жеңген болатын

ҚФФ

Футзалдан Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін аяқталды. Кака шәкірттері 1/4 финалда Аргентинадан 1:6 есебімен ойсырай жеңілді.

Бүгін Ташкенттегі «Хумо-Арена» лық толды. Шыны керек, 12 мың орындық кешеннің 99 пайызы қазақстандық жанкүйерлер десек артық айтқанымыз емес.

Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Аргентиналықтар допты көбірек ұстап, қауіпті шабуылдар ұйымдастыра білді. Қазақстанның да бірнеше қарымта шабуылы болды. Бірақ Аргентина қақпашысы сыр алдырмады.

Үзілістен кейін қарсылас бірден таблодағы көрсеткішті өзгертті. Көзге түскен Роса болды. Одан кейін 27-минутта Клаудиньо қорғаныстағы қателікті тиімді пайдаланды. Көп күттірмей, Қазақстан қақпасына үшінші гол да кірді. Бұл жолы айып алаңында Арнольд Кнаубтың қолына доп тиіп, төреші пенальти белгіледі. Нүктеге келген Кевин мүлт кеткен жоқ.

Бұдан соң, Дәурен Тұрсағұлов бір гол кіргізгені болмаса, Қазақстанның одан әріге шамасы жеткен жоқ. Қорытынды есеп — 1:6.

Айта кетейік, Қазақстан мен Аргентина осымен үшінші рет жолығып тұр. Алғаш рет 2016 жылы әлем чемпионатында Аргентина басым түссе, биыл қыркүйек айында жолдастық кездесуде біздің жігіттер 3:2 есебімен қапы қалдырды.

Енді 3 қазан күні Аргентина Франциямен кездеседі.

Қазақстан әлем чемпионатында бұған дейін D тобында Испаниямен 1:1 есебімен тең ойнаса, одан кейін Ливияны 4:1, Жаңа Зеландияны 10:0 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде өз тобында Испанияны алға жіберіп, екінші орын алды.

Ал 1/8 финалда Португалияны 2:1 есебімен жеңіп, ширек финалға өткен болатын.