«Ақжайықтың» халі мүшкіл, «Екібастұз» Астанаға келуден бас тартты

Редактор
01.10.2024, 23:17

Бірінші лига клубтарының көпшілігінде қаржы тапшылығы бар

QFL.KZ

Бүгін бірқатар басылымда «Ақжайық» футбол клубының қаржылық жағдайына байланысты ақпарат тарады. Ақшаның жоқтығынан оралдық клуб ойыншылар мен қызметкерлерге жалақы бере алмай отырған көрінеді. Одан бөлек, өзге өңірдегі ойындарға баруға тағы да мүмкіндік жоқ.

Осы қиындықтардың салдарынан «Ақжайықтың» «Каспий» клубына қарсы ойыны өтпей қала жаздады.

Дәл осындай проблема «Екібастұз» командасында да бар екен. Клуб ұжымы бірнеше айдан бері жалақысын ала алмай жүр. Осыған байланысты, Бірінші лиганың 27-турында болуы тиіс SD Family-мен (Астана) ойынға екібастұздықтар бара алмайды.

«Екібастұз» футболшылары бұған дейін де жаттығуларға әдейі қатыспай, өз алаңында «Каспиймен» өткен матчты бес минутқа кешіктіріп бастады. Осылайша, олар басшылықтың назарын аудартқысы келген. Себебі олар сегіз сыйақыдан қағылып, одан бөлек төрт айдан бері жалақы алмаған. Дегенмен, олардың арасында жалақысын уақтылы алып жүрген ойыншылар да бар екен.