«Телефон ұрлады». «Манчестер Сити» футболшысы қамауға алынды

Редактор
02.10.2024, 19:17

Португалиялық футболшы түнгі клубтардың бірінде ұсталды

transfermarkt.world

Англияның «Манчестер Сити» клубының жұлдызы Матеус Нунес Мадридте келеңсіздікке тап болып, жақын арада сот алдында жауап береді.

Португалиялық футболшы түнгі клубтардың бірінде телефон ұрлығы үшін қамауға алынды.

Оқиға 8 қыркүйекте болған. Ойыншы таңғы сағат 5:30-да ұсталып, Аргансуэладағы полиция учаскесіне жеткізілген. Бірақ көп ұзамай ол босатылды.

Полиция дерегінше, Нунес клубтың жуынатын бөлмесінде 58 жастағы ер адамның телефонын тартып алған. Себебі футболшыға белгісіз біреудің өзін рұқсатсыз суретке түсіргені ұнамаған. Ал ер адам тез арада полицияны шақырып, кейіннен телефон Нунестің қонақ үйдегі бөлмесінен табылған.

Дегенмен куәгерлер қолына телефон ұстаған ер адамның футболшыға байқаусызда тиіп кеткенін алға тартуда. Нунес мұны дұрыс түсінбей, оның телефонын тартып алыпты.

Алдағы уақытта португалиялыққа айып тағылып, ол сот алдында жауап береді.