«Ордабасы» көш бастады, «Елімай» ұпай жоғалтты

Редактор
03.10.2024, 23:36

Шымкенттік клуб биыл екінші жыл қатарынан ел чемпионы атануға жақын

Ордабасы ФК

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 22-туры аясында бүгін екі матч ойналды. Петропавлда жергілікті «Қызылжар» өз алаңында ел чемпионы «Ордабасыны» қабылдаса, Талдықорғанда «Жетісу» мен «Елімай» өзара мықтыны анықтады.

Бұған дейінгі матчта «Астанадан» жеңіліп, маңызды ұпайынан айрылған шымкенттік команда бүгін жанкүйерлерін қуантты. Аса тартысты өткен ойында олар 1:0 есебімен жеңіске жетті және турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді. Гол авторы – Артем Беседин (82-минут). 73-минутта «Қызылжар» ойыншысы Тимур Мульдинов алаңнан қуылғанын айта кету керек.

Ал, ҚПЛ дебютанты – семейлік «Елімай» болса ең маңызды сәтте сүрініп отыр. Андрей Карпович шәкірттері Талдықорғанға фаворит ретінде келіп, үш ұпаймен үйге оралуды жоспарлаған. Алайда, «Жетісудан» 0:2 есебімен жеңіліп, турнир кестесіндегі жағдайын нашарлатып алды.

Матчтың 24-минутында Серікжан Мужиков пенальтиден есеп ашса, 83-минутта Темур Чогадзе жеңіс голын соқты. Ал, «Елімай» сапынан Шина 62-минутта 11 метрлік айып добын қақпаға соға алған жоқ.